Партия туралы

«Әділет» партиясы – жаңа конституциялық құндылықтарды ұстанатын, парасат пен прагматизмге сүйенетін саяси күш. Біз Президенттің стратегиялық бағытының институционалдық тірегі болып, жоғары деңгейде қабылданған шешімдерді қоғамда өзгеріс жасай алатын күшке айналдыру үшін жұмыс істейміз және соған жауапты болуға дайынбыз.

Жаңа Конституция елдің алға нық қадам басуына сеп болатын мығым саяси-құқықтық негіз қалыптастырды. Алайда ең мінсіз деген жүйенің өзі жасампаз қуатқа толы әрекетке ұласқанда ғана өміршең болады.

«Әділет» партиясы маңызды мемлекеттік шешімдердің бәрі қоғамның сұранысын, заң үстемдігі мен ел мүддесін ескеріп, ақыл мен парасатқа сүйенген эволюциялық даму жолын қолдайды.

 

Біз кімбіз?

Біз Егемен Қазақстанда қалыптасқан кәсіби мамандармыз. Біз ескірген стереотиптердің жүгінен және өткен заманның саяси мұрасынан азат буынбыз. Жең ұшынан жалғасқан келісімдер мен сыбырлап айтылатын ойын ережелерінен құралған жүйенің бір бөлшегі емеспіз.

«Оңшыл» мен «солшыл» деп жікке бөлетін ескі өлшемдерден бас тартып, серпінді реформаторлық центризм қағидатын ұстанамыз. Біздің буын үшін Тәуелсіз Қазақстан деген – жай ғана саяси ұран емес, жасампаздыққа ұмтыла жүріп еңбек ететін табиғи ортамыз. Біз осы елмен бірге өстік, келешегімізді осы елмен байланыстырамыз және әрбіріміз өзімізді оны дамытуға жауапты сезінеміз.

Құндылықтарымыз

Дүниежүзін белгісіздік жайлап тұрған тарихи бетбұрыс кезеңінде Қазақстанға ең керегі – берік ішкі тірек. Көз ілеспестей жылдам өзгеріп, болжам жасауға келмейтін қым-қуыт ХХІ ғасырда елдің бәсекеге қабілетінің басты тірегі – табиғи ресурстар емес, қоғам мен мемлекеттің іргесіне қаланған ар-ождан, адамгершілік ұстанымдары екені айқын.

Сондықтан біз бір бойына ізгілік пен қарқынды жаңару бағдарын жиған әмбебап сипатты, айнымас құндылықтарға сүйенетін саясатты таңдап, Әділдік, Отансүйгіштік, Жауапкершілік, Еңбекқорлық пен Прогресті темірқазық бағдарымыз деп таныдық.

  • ӘДІЛДІК
    шыншыл ереже, тең мүмкіндік және еркін бәсеке.
  • ОТАНСҮЙГІШТІК
    күн сайын ел мүддесін көздеп, жасампаздық жолында еңбек ету.   
  • ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ
    әр азамат жетістігінің өлшемі адал әрі тиянақты еңбек болуға тиіс.    
  • ЖАУАПКЕРШІЛІК
    әр ісіңе жауап беруге, оның салдарын қай деңгейде де мойныңмен көтеруге дайын болу, ел болашағына жауапты екеніңді сезіну.
  • ПРОГРЕСС
    қоғамның өз болмысын, ішкі орнықтылығы мен ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, жаңа жағдайларға бейімделуі, үздіксіз дамып, кемелдікке ұмтылуы.
Бізбен байланыс
info@adilet-partiyasy.kz

Астана қ., Мәңгілік Ел даңғылы, 55/21, С4.2, 3-қабат