Бағдарлама
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ
«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ БІРГЕ ҚҰРАЙЫҚ»
БАҒДАРЛАМАСЫ
ПРЕАМБУЛА
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаны — айрықша тарихи мәні бар оқиға. Бұл құжат мемлекетіміздің даму бағытын алдағы ұзақ уақытқа айқындап берді. Атап айтқанда, Әділет пен Заң үстемдігіне, Тәртіп пен Тазалыққа, еңбекқорлық пен табиғатты аялауға, жасампаз әрі жауапты патриотизмге, ғылым мен білімге, асқақ технологиялар мен инновацияға, этносаралық және конфессияаралық келісімге, Ұлттық Мәдениет пен Азаматтық бірегейлікті нығайтуға сүйенетін бағдар бекіді.
Геосаяси жағдай шиеленісіп, бұрынғы қауіптер күшейіп, жаңа қатерлер шығып жатқан қазіргі шақта, ең маңыздысы — қоғамның соның бәріне дайын болғаны. Әсіресе елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде сұранысқа ие салаларда білімі мен тәжірибесі бар, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың ұстанымы айрықша маңызды. Бір сөзбен, Қазақстанның ілгері басар күштері жиылып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанды прогресшіл, өркениетті, дамыған мемлекетке айналдыруды көздейтін реформаларын іске асыру жолында ортақ мақсатқа жұмылуға тиіс. Басқа жол жоқ.
Сөйте тұра, ел алдында шынымызды ашық айтуымыз керек. Қоғамымызда әлі де ілгерілеуді тежейтін дағды, енжарлық пен ескіше ойлау салты бар. Осындай ұстанымды топтар Қазақстанның түбегейлі жаңаруына, жаңғыру процесіне кедергі келтіріп келеді. Салдарынан реформаларды бұрмалау, жалған мақсаттарға бұрып әкету немесе дискредитациялау арқылы іске асуын кідірту, тежеу қаупі де жоқ емес.
Біз Мемлекет басшысының реформаларын, ең алдымен, ішкі сенімімізге сүйеніп қолдаймыз. Біз — ниеті бір жандармыз. «Әділет» партиясын жаңа конституциялық құндылықтарға, салиқалы ойға сүйенетін, Президенттің стратегиялық бағытына тірек болатын саяси күш деп білеміз. Жоғары саяси басшылықтың салмақтап, сараланған шешімдерін адамдардың өміріне нақты оң өзгеріс әкелетін іс-қимылға айналдыруды міндетіміз деп танимыз. Осы жолда мойнымызға жауапкершілік алуға дайынбыз. Реформаларды дәл осылай төменнен, нағыз елім деген патриот әрі мемлекетшіл азаматтардың тікелей қатысуымен қолдасақ, еліміздің жаңару әрі жаңғыру процесі шынымен орнықты жүреді әрі кері кетпейді.
Бұл құжатта партия идеясының негізгі ұстындары хатқа түсті. Соған қарай сайлауалды іс-қимыл бағдарламалары құрылып, нақты бастамалар, механизмдер мен мерзімдер белгіленбек.
БІЗ КІМБІЗ?
«Әділет» партиясы — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған соң өсіп, дүниетанымы егемен елде қалыптасқан азаматтардың саяси қуаты. Біз ескірген стереотиптердің жүгінен де, өткен заманның саяси мұрасынан да азат буынбыз. Жең ұшынан жалғасқан келісімдер мен сыбырлап айтылатын ойын ережелерінен құралған енжар жүйенің бір бөлшегі емеспіз. Сондықтан ісімізді ақ-адал ниетпен бастаймыз. Әділет, Заңға бағыну, Табиғатты аялау, Инновация, Келісім мен Прогресс мекен ететін мемлекет құру ісіне кірісеміз.
«Оңшыл» мен «солшыл» деп жікке бөлетін ескі өлшемдерден бас тартып, біз серпінді реформаторлық центризм, ақылға салып ел басқару және қоғамдық-саяси қызмет жүргізу принципін ұстанамыз. Қазіргі заманда тиімді, шынайы саясат жүргізуге көзсіз соқыр доктрина емес, интеллектуалдық икем, ортақ игілікке жету жолында ең озық идеяларды ұштастыра білу қабілеті керек деп сенеміз.
«Әділет» партиясы қоғам алдында әр шешімге жауап беру, заң үстемдігі, ұлт мүддесі мен салиқалы ой қағидатын енгізуді қолдайды. Біз елімізбен бірге өстік, келешегіміз осы елде өтсе дейміз, балаларымыз бен немерелеріміз елімізде өсіп, өркендесе дейміз, сондықтан елдің ілгері басуы, дамуы мен өркендеуі — әрқайсымыздың жеке, бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
«Әділет» партиясының қатарына өз саласында танылған кәсіби мамандар: педагогтер мен дәрігерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер, экономистер мен инженерлер жиылған. Ортақ ниетіміз — саяси басымдыққа ұмтылу емес, қоғамға қызмет етсек деген жігеріміз, нақты өзгерістерді қалаған саналы ұмтылысымыз.
Біз ұлттың жасампаз қуаты нәтижесіз бос сөзге, жауапкершілікті кімнің мойнына артып жіберуге болады екен деп, ат қойып, айдар тағуға рәсуа болып жұмсалып кеткен таптаурын практикалардан үзілді-кесілді бас тартамыз. Біздің түсінігімізде шынайы патриотизм пафостан ада — ол нақты істерден және өлшенетін нәтижелерден ғана көрінеді.
Біз кәсіби тәжірибемізді мемлекеттік шешімдерге айналдырсақ деп, сол шешімдер әр үйдің әл-ауқатына, ауылдарымыз бен қалаларымыздың гүлденуіне және бүкіл Қазақстанның келешегіне тікелей әсер етсе деп саясат жолына түстік. Бар мақсатымыз — ұрандату мәдениетінің орнына жауапкершілік, білім мен білік мәдениетін орнату.
ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ
Дүниежүзін белгісіздік жайлап тұрған тарихи бетбұрыс кезеңінде Қазақстанға ең керегі — берік ішкі тірек, ұлттың әлеуетін еселеп арттыра алатын этикаға сүйенетін өзек. ХХІ ғасырда елдің бәсекеге қабілетінің басты тірегі — табиғи ресурстар емес, қоғам мен мемлекеттің іргесіне қаланған ар-ождан, адамгершілік ұстанымдары екені айқын. Сондықтан «Әділет» партиясы ынтымақ пен жасампаздық синергиясына сүйенетін құндылықтарды негіз ететін саясатты таңдауды жөн көреді. Жалпыұлттық бірегейлік пен орнықты дамудың тұғырнамасы деп гуманистік ұмтылыстарды Қазақстанның серпінді жаңғыруға бет алған күн тәртібіне ұластыратын әмбебап құндылықтар — Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік, Еңбекқорлық және Прогресті таңдадық.
ПАРТИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ
«Әділет» партиясының ұстанымы: құндылықтар институттарда, нормалар мен рәсімдерде көрініс тауып, күнделікті басқару мен қоғамдық практиканың ажырамас бөлігіне айналғанда ғана оларға саяси мән дариды. Сондықтан Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік, Еңбекқорлық және Прогресс құндылықтарына сүйене отырып, біз қызметіміздің негізгі басымдықтарын былай деп анықтаймыз және осы басымдықтарымыз Қазақстан Республикасының үздіксіз дамуына сеп болады деп санаймыз.
* * *
«Әділет» партиясы аталған басымдықтарды құндылықтар саясаты, адамның қадірі, институттардың сапасы және ел алдындағы жауапкершілікті ортаға алған біртұтас саяси әрекет алаңы деп біледі. Біз Қазақстанның дамуын ресми көрсеткіштерге емес, мемлекетке деген сенім қаншалық нығайғанына, ережелер мен заңдар қаншалық адал бола түскеніне, азаматтардың адал еңбек етіп, ел тағдырына араласатын мүмкіндіктері қаншалық кеңейгеніне қарай өлшейміз.
Біз құндылық пен практика, принцип пен механизмдер, қоғамның қолдауы мен институттық әрекет ұштасып, тоғысқан тұста жұмыс істемекпіз. Реформаларды орнықты, мемлекетті — кемел, қоғамды келешегіне сенімді ететін жол сол ғана деп білеміз.
«Әділет» — құндылықты институтқа, идеяны іске, ал азаматтардың сенімін мемлекеттің қуатына айналдыратын партия.
БІЗ НЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСЕМІЗ?
«Әділет» партиясы өзінің жасампаз басымдықтарын ғана емес, сонымен бірге деструктив құбылыстарды да ашық айтып, сайлау кезеңдерінің қай-қайсында да үзілді-кесілді қарсы шығатынын да жариялау аса маңызды. Біз жемқорлық пен қылмыс сынды кеселдерді ғана емес, сонымен қатар ұлттың өмірін улап, оны келешегінен айыратын басқару жүйесі мен қоғам санасының тереңіндегі ақауларды да бітіспес қарсыласымыз деп білеміз.
Мемлекеттік басқару саласында жүйенің жорта жұмыс істеп жүргендей кейпіне аяусыз күрес жариялаймыз. Біз «жауапкершіліктен қашуға» қарсы шығамыз, яғни нақты нәтиженің орнын бюрократиялық процесс басып, азаматтардың мүддесі ведомстволық есептер құрбанына айналатын жағдайға жол бермейміз. Біз деструктив популизмді, инерциялық енжарлықты, жасырын лоббизм мен саботажды, непотизм мен рушылдыққа үзілді-кесілді қарсымыз.
Экономикада біз шикізатқа сүйеніп қалған енжар модельге және төмен еңбек өнімділігіне қарсы тұрамыз. Біз «бюджетті игеру үшін игеру» сияқты зиянды практика, қаражатты бүркеп жұмсау, адал бәсекені де, кәсіпкерлік бастаманы да тұншықтыратын монополиялар мен протекционизм — ұлттың әл-ауқаты өсуіне кедергі деп білеміз әрі осы құбылыстармен күресеміз.
Әлеуметтік салада біз масылдыққа, қолдау шараларын асыра пайдалануға және еңбек пен жеке жауапкершіліктің құнын түсіретін кез келген практикаға қарсымыз. Біз білімсіз білім беруді, аты бар да заты жоқ тәрбиені, отбасына, ана мен балаға, қазына-қарттар мен ерекше қажеті бар жандарға деген немқұрай қатынасты қабылдамаймыз. Біз зорлық-зомбылық, алалау мен кемсіту, буллиң мен қанау сынды адамның қадірін аяқасты ететін құбылыстарға аяусыз күрес жариялаймыз.
Қоғамдық өмірде біз сананың архаикалануына, әлеуметтік селқостыққа, құқықтық нигилизмге және бөгде мінез-құлық үлгілеріне көзсіз еліктеуге қарсымыз. Біз қоғам бірлігін бұзуды көздейтін әрекеттерге, адамды этносына, тіліне және діни белгілеріне қарай алалап, кемсітуге, зайырлы қоғамның ұстыны болар негіздерді шайқалтуға, жалған ақпарат пен алаяқтықтың таралуына қарсы тұрамыз.
МОЙНЫМЫЗҒА АЛҒАН МІНДЕТІМІЗ
Қазақстандағы саяси партиялар сайлаушыны уәде басқа бір параллель шындықта өмір сүреді де, сайлау өткен күннің ертеңіне-ақ ұмытылып кетеді дегенге үйретіп қойған. «Әділет» партиясы қоғаммен қарым-қатынасты мүлде басқа негізде құруды көздейді. Біз өзімізге қандай қағидаларды белгілейтінімізді нақты айқындап, бізбен бірге жасампаздық жолында бірге жүруге дайын жандардан не күтетінімізді ашық айтқанды маңызды деп білеміз.
Жұмысымыздың тірегі не болмақ?
Адалдық. Біз популизмнен бас тартамыз және орындалмайтын уәде бермейміз. Қатеңді мойындағаның осалдығың саналатын саяси мәдениетте жүйелі түрде өтірік шыға беретіні анық. Біз ашық, бетпе-бет, бүкпесіз диалогты таңдаймыз: қателессек — мойындаймыз, себептерін түсіндіреміз және түзетеміз. Қателескеніңді мойындағаның — осалдығың емес, күшің.
Жауапкершілік. Біз өкілетті биліктің ықпалы қоғамның халық қалаулыларына деген сенімінің деңгейіне тікелей қарайды деп білеміз. Әр азамат біздің депутатқа жүгіне алады және орынды мерзім ішінде мазмұнды жауап алады. Депутаттар бағдарламаның әр тармағы бойынша сайлаушылар алдында тұрақты есеп беріп отырады.
Ашықтық. Партияның сайты мен қосымшасында кез келген адам бастамалардың жағдайын: не басталды, не істелді, не кідіріп тұр және неге олай болды дегенді көре алатын цифрлық бақылау панелі болады.
Жақтастарымыздан күтетініміз
Шынайы қатысу. Біз уақыты мен білімін, тәжірибесі мен күш-қуатын жасампаз бастамаларға жұмсауға дайын азаматтарға арқа сүйейміз. Қоғамның белсенді қатысуы болмаса, ешбір саяси жүйе орнықты бола алмайды.
Адал серіктестік. Қуатты мемлекет азаматтардың заңға құрмет, міндетті адал орындау, жемқорлықты қабылдамау, қоғамға ортақ кеңістікке ұқыпты қарау жағынан өзіне қояр талабы жоғары болғанда қалыптасады. Біз іс жүзінде Әділетті Қазақстанды құруға дайын ниеттес жандарды іздейміз.
Мазмұнды сын. Бізге бағытымыз бен шешімдеріміздің сапасына қарап баға берсеңіздер дейміз. Жүйелі өзгеріс — спринт емес, марафон. Бір жылда елді түбегейлі өзгертіп жіберемін дегендікі — қулық. Салауатты, сындарлы сынды қауіп демейміз, партияны күшейту мүмкіндігі деп білеміз.
ҚОРЫТЫНДЫ ҮНДЕУ
Қазақстан алдағы ондаған жылға ел дамуының бағытын айқындайтын тарихи таңдаудың алдында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары стратегиялық бағытты белгілеп, жаңа Конституция өміріміздің негізгі ұстанымдарын бекітіп берді. Енді ең қиыны — сол асқақ ұстанымдарды күнделікті өмірге енгізіп, әр азаматтың шынайы тәжірибесіне айналдыру. Бұл утопия емес, бұл — ресурсы да, әлеуеті де Қазақстандікінен әлдеқайда аз ондаған ел қол жеткізіп отырған стандарт.
«Әділет» партиясы ел болашағына сенетін ниеттес азаматтардың бәріне үн қатады. Біз бір нәрсені анық білеміз: әділет институттардың бәріне тереңдей тамыр жайғанда, шенеуніктердің жауапкершілігі сөзсіз болғанда, адал еңбекке лайық баға берілгенде ғана Қазақстан шын мәнінде қуатты әрі прогрессив мемлекетке айналады. Мақсатымыз — ауқымды өзгерістерді аяғына дейін жеткізіп, азаматтардың ел басқаруға қатысуын шынайы әрі пәрменді ету.
Біздің философиямыздың тірегі — ынтымақ пен жасампаздық мұраты. Біз саясаттың жаңа түрін — идеократияны, яғни қара бастың қамы мен жеке мүддеге емес, идея мен құндылыққа сүйенетін билікті ұсынамыз. Адамдардың басын қосып, жұдырықтай жұмылдырып, энергияны жасампаз арнаға бұра алатын идеялар әлемді өзгертіп, жақсартады деп сенеміз. Әділетті ең асқақ құндылық деп танып, соған сәйкес табыс пен билік ең лайық жандардың қолына тиетін меритократия принципін ілгерілетеміз.
Біз өткеннің қасаң иерархиясынан бас тартып, цифрлық өркениетке сай икемді желі моделін таңдаймыз. «Әділет» партиясы — шенеуніктердің бюрократиялық құрылымы емес, инновациялық әлеуметтік конструктор. Біз әр белсенді азаматқа өз елінің келешегін қалыптастыратын сәулетші болуға мүмкіндік беретін тұғыр құрамыз.
Біз ел алдына бос уәдемізді емес, жауапкершілік пен нақты іске дайындыққа сүйенген айқын бағдарламамызды алып шығамыз. Біздің жолымыз — Заң мен Тәртіп жолы, мықты институттар мен адал экономика жолы, отаншыл қызмет пен саналы прогресс жолы. Біз миллиондаған азаматтың қуаты — өзгерістің басты қозғаушы күші екеніне сенеміз.
Ел тағдырына бейжай қарамайтын баршаңызды шет қалмай, қатарымызға қосылуға шақырамыз.
Құндылықтар саясатымызды қолдаңыз! Конституция принциптерін әрекеттен көрінетін патриотизмге, жалпыұлттық ынтымақ пен жасампаздыққа бірге айналдырайық.
Біздің ісіміз — оң!
Біз Әділетті Қазақстанды құрғымыз келеді!
Таңдағанымыз — Әділет!