Партия «Әділет» — политическая партия Казахстана
Басты бетке

«Әділет» саяси партиясы» Қоғамдық Бірлестігінің ЖАРҒЫСЫ

Құрылтай съезінің 2026 жылғы «07» мамырдағы хаттамасымен БЕКІТІЛГЕН

1. Жалпы ережелер

1.1. «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі, (бұдан әрі - Партия), Қазақстан Республикасы азаматтарының және әртүрлі әлеуметтік топтардың саяси еркін білдіру, олардың мүдделеріне мемлекеттік биліктің өкілетті және атқарушы органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында өкілдік ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды қалыптастыруға қатысу мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі.

1.2. Партияның толық атауы: -мемлекеттік тілде: «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі; -орыс тілінде: Общественное объединение «Политическая партия «Әділет»; -ағылшын тілінде: Public Association Adilet Political Party.

1.3. Партияның қысқартылған атауы: -мемлекеттік тілде: «Әділет» партиясы; -орыс тілінде: Партия «Әділет»; -ағылшын тілінде: Adilet Party.

1.4. Партия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

1.5. Партияның және оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің), басшы органдары Қазақстан Республикасының аумағында орналасады.

1.6. Партияның қызмет мерзімі шектелмеген.

1.7. Партия мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлға болады, оның оқшауланған мүлкі, дербес балансы бар, өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иеленіп, жүзеге асыра алады және міндеттеме атқара алады, сотта талапкер және жауапкер бола алады.

1.8. Партия өз міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы өндіріп алынуы мүмкін өзіне тиесілі мүлкімен жауап береді. Партия мүшелері Партияның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сол сияқты Партия да өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

1.9. Партияның Орталық аппаратының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Дінмұхамед Қонаев көшесі, 12/1.

2. Партия қызметінің мақсаттары, міндеттері және қағидаттары

2.1. Партияның мақсаты – заң алдында бәрінің теңдігі қамтамасыз етілетін, экономикасы тұрақты және азаматтық қоғамы дамыған әділетті, зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға атсалысу.

2.2. Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін Партия мынадай міндеттерді атқарады: -Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сайлауға қатысу; -мемлекеттік билік органдарын және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыруға қатысады; -саяси, әлеуметтік-экономикалық және өзге де бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеу және іске асыру; -заң шығармашылығы қызметіне қатысу; -азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау; -азаматтар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін мемлекеттік билік органдарында білдіру; -сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды даярлау, ұсыну және оларды қолдау; -өз қызметі туралы ақпарат тарату; -қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесу; -саяси, құқықтық және азаматтық ағарту жұмыстарын жүргізу; -жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын дамыту және қолдау; -Партия мүшелерін моральдық жағынан ынталандыру;

2.3. Партияның қызметі заңдылық, еріктілік, тең құқықтылық, өзін-өзі басқару және жариялылық қағидаттарына негізделеді.

2.4. Партияның негізгі құндылықтары – әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму.

3. Партия қызметінің мәні

3.1. Партия қызметінің мәні қоғамның саяси өміріне қатысу және өзінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру.

3.2. Партия өз қызметі шеңберінде: -мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыруға қатысады; -республикалық және жергілікті деңгейлерде заң шығармашылығы қызметіне қатысады; -азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды; -өз қызметі, мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат таратады; -жарғылық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

3.3. Партия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және шектерде тек жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғана кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыруға құқылы.

4. Партияның құқықтары мен міндеттері

4.1. Партия жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен: -өз қызметі туралы ақпарат таратуға және өзінің мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға; -Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сайлауға қатысуға және Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауыл округтерінің әкімдігіне кандидаттар ұсынуға; -Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен жалпыхалықтық референдумға қатысуға; -бұқаралық ақпарат құралдарын құруға; -заңда белгіленген тәртіппен бейбіт жиналыстар ұйымдастыруға және өткізуге; -саяси партиялар және азаматтық қоғамның өзге де өкілдерімен ынтымақтастық жасауға; -халықаралық байланыстар орнатуға және жүргізуге, келісімдер жасасуға, халықаралық коммерциялық емес бірлестіктерге (діни бірлестіктерді қоспағанда) кіруге; -Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қауымдастықтарға (одақтарға) бірігуге; -Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4.2. Партия: -Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға; -азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге; -тұрақты жұмыс істейтін басшы органының орналасқан жері және басшылары туралы мәліметтердің өзгергені жөнінде тіркеуші органды белгіленген тәртіппен хабардар етуге; -Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органдарға өз қызметі туралы есеп тапсыруға; -өзінің қаржылық қызметінің есебін жүргізуге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге, атап айтқанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жыл сайын республикалық басылымдарда жылдық қаржылық есебіні жариялауға міндетті.

5. Партияға мүшелік

5.1. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, Партияның Жарғысы мен Бағдарламасын мойындайтын және олардың талаптарын сақтайтын азаматы Партия мүшесі бола алады, Қазақстан Республикасының заңнамасында саяси партияларға қатысуына тыйым салынған тұлғаларды қоспағанда.

5.2. Шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың мүшелігіне, сондай-ақ Партияға ұжымдық мүшелікке жол берілмейді.

5.3. Партияға мүшелік ерікті, жеке дара болады және міндетті түрде есепке алынуы керек.

5.4. Партияға қабылдау тұлғаның жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады. Партияға мүше болу туралы өтініш цифрлық платформа арқылы берілуі мүмкін.

5.5. Партияға қабылдау туралы шешімді облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың филиалы қабылдайды. Ерекше жағдайларда шешімді жоғары тұрған партия органы қабылдауы мүмкін.

5.6. Партияға мүшелік өзге саяси партияларға мүшелікпен сыйыспайды.

5.7. Партияға мүшелік белгіленген үлгідегі құжатпен расталады.

5.8. Партия мүшелері саяси партияның Съезі айқындайтын мөлшерде мүшелік партиялық жарналарды төлейді. Жарналарды төлеу тәртібін партияның басшы органы анықтайды.

5.9. Төленген мүшелік жарна қайтарылмайды.

5.10. Партияға мүшелік мынадай жағдайларда тоқтатылады: -қайтыс болғанда; -өз еркімен шыққанда; -Партиядан шығарылғанда; -басқа саяси партияға кіргенде; -әскери қызметке қабылданғанда немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіргенде, бұл жағдайларда Партияға мүшелік автоматты түрде тоқтатылады; -Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүше болу мүмкіндігіне кедергі болатын мән-жайлар туындағанда.

5.11. Партия мүшесі мынадай жағдайларда Партиядан шығарылуы мүмкін: -соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенде; -Партияның мүддесіне немесе беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасағанда; -Партияның Жарғысын, Бағдарламасын және Партия органдарының шешімдерін сақтамағанда; -Партияның шешімінсіз сайланбалы лауазымдарға кандидат ретінде өзін-өзі ұсынғанда; -Партия мүшесінің міндеттерін жүйелі түрде орындамағанда.

5.12. Партияның ішкі тәртібін бұзғаны үшін Партия мүшесіне мынадай ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін: -ескерту; -қайталап ескерту; -сөгіс; -Партиядан шығару.

5.13. Ықпал ету шараларын қолдану туралы шешімді партиялық бақылау органының қорытындысын ескере отырып, тиісті партия органы қабылдайды.

5.14. Партия мүшесі ықпал ету шарасын қолдану немесе Партиядан шығару туралы шешімге бір ай ішінде жоғары тұрған партия органына шағым жасауға құқылы.

5.15. Партияға мүшеліктің тоқтатылуы, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымға сайланған тұлғаның өкілеттігінің автоматты түрде тоқтатылуына әкеп соқпайды.

5.16. «Партияның құрметті мүшесі» және «Партияның құрметті Төрағасы» -жоғары партиялық атақтар.

5.17. «Партияның құрметті мүшесі» және «Партияның құрметті Төрағасы» атақтарын беру немесе олардан айыру жөніндегі айрықша құқық Партияның жоғары басшы органына тиесілі.

5.18. «Партияның құрметті мүшесі» немесе «Партияның құрметті Төрағасы» атағына ие болған тұлғалар партия мүшесі болмауы мүмкін. Оларға осы Жарғыда көзделген партия мүшесінің талаптары мен міндеттері қолданылмайды.

6. Партия мүшелерін есепке алу тәртібі

6.1. Партия мүшелерін есепке алу Партия құрамына қатысты мәліметтердің анықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

6.2. Есепке алу: -есепке алу карточкалары; -Партия мүшелерінің тізімдері; - лектрондық дерекқор негізінде жүргізіледі.

6.3. Партия мүшелерін есепке алуды: -тізімдер мен электрондық дерекқор негізінде – бастауыш партия ұйымдары; -электрондық дерекқор негізінде – аумақтық филиалдар; -бірыңғай электрондық дерекқор негізінде – партияның Орталық аппараты жүзеге асырады.

6.4. Партия мүшелерінің электрондық дерекқоры орталықтандырылған дерекқор.

6.5. Есепке алуды жүргізу, деректердің анықтығы және уақтылы ұсынылуы үшін жауаптылық тиісті партия ұйымдарының басшыларына жүктеледі.

6.6. Партия мүшелерін есепке алуды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, Партияның ішкі құжаттарымен айқындалады.

7. Партия мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

7.1. Партия мүшесі: -Партия органдарына сайлауға және сайлануға; -Партияның бағдарламалық және өзге де құжаттарын әзірлеуге қатысуға; -Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сайланбалы лауазымдарға Партия атынан кандидат болып ұсынылуға; -Партия қызметі мәселелері бойынша өз пікірін еркін білдіруге, ұсыныстар енгізуге және Партия органдары мен мүшелерінің қызметін сынға алуға; -Партияның және оның органдарының қызметі туралы ақпарат алуға; -Партия органдарына жүгінуге және мәні бойынша жауап алуға; -Партияның қолдауы мен қорғауын пайдалануға; -Партияның іс-шаралары мен жобаларына қатысуға; -Партия органдарының шешімдеріне шағым жасауға; -өз еркімен Партиядан шығуға құқылы.

7.2. Партия мүшесі: -Партияның Жарғысын, Бағдарламасын және Партия органдарының шешімдерін сақтауға; -Партияның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге; -Партияға нұқсан келтіретін әрекеттерден тартынуға; -партиялық тәртіпті сақтауға; -Партия қызметіне қатысуға; -мүшелік жарнасын уақтылы төлеуге; -тұрғылықты жері өзгергені туралы партия ұйымын хабардар етуге; -Партияның рәміздері мен құжаттарына ұқыпты қарауға; -партия ұйымының жиналыстарына қатысуға міндетті.

7.3. Мемлекеттік қызметте жүрген Партия мүшелері қызметтік міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

8. Партияны құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі

8.1. Партия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылады, тіркеледі (қайта тіркеуден өтеді), қайта ұйымдастырылады және таратылады.

8.2. Партия өз қызметін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырады.

8.3. Партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері), Партияның жоғары органының шешімі бойынша құрылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде есептік тіркелуге жатады.

8.4. Партияның құрылымдық бөлімшелері есептік тіркелген жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қызметін жүзеге асырады.

8.5. Партияның қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мерзімге сот шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.

8.6. Партияның қызметі тоқтатыла тұрған кезеңде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулер, оның ішінде жария қызметті жүзеге асыруға және ақша қаражатына билік етуге қатысты шектеулер қолданылады.

8.7. Қызметті тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтар жойылған жағдайда, Партия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметін қайта бастайды.

8.8. Партия қызметінің тоқтатылуы қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша жүзеге асырылады.

8.9. Партияны қайта ұйымдастыру (бірігу, қосылу, бөліну, бөліп шығару және қайта құру) Партияның жоғары органының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8.10. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған Партияны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8.11. Партияны тарату: -Партияның жоғары органының шешімі бойынша; -сот шешімі бойынша; -Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша жүзеге асырылады.

8.12. Партияны тарату тарату туралы шешім қабылдаған орган немесе сот тағайындайтын тарату комиссиясы тарапынан жүзеге асырылады.

8.13. Партия таратылған жағдайда оның мүлкі мен ақшалай қаражаты кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Жарғыда көзделген мақсаттарға жұмсалады және Партия мүшелері арасында бөлінуге жатпайды.

8.14. Партияны тарату заңды тұлғалардың мемлекеттік регистріне тиісті жазба түскен сәттен бастап аяқталды деп есептеледі.

9. Партияның басшы және бақылау-тексеру органдары

9.1. Органдарды қалыптастырудың жалпы қағидаттары

9.1.1. Партияның басшы және бақылау-тексеру органдарын қалыптастыру сайлау негізінде жүзеге асырылады.

9.1.2. Партия органдарына сайлау дауыс беру нәтижелерінің анықтығын және қатысушыларды сәйкестендіруді қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, сондай-ақ тікелей қатысу нысанында өткізілуі мүмкін.

9.1.3. Сайлауды өткізу тәртібі, сондай-ақ сайланған тұлғаларды кері шақырып алу тәртібі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, Партияның ішкі құжаттарымен айқындалады.

9.2. Партия органдарының жүйесі

9.2.1. Партияның басшы органдары мыналар: -Партия Съезі; -Партияның Саяси кеңесі; -Партия Саяси кеңесінің Бюросы; -Партия Төрағасы; -Партия филиалдарының басшы органдары; -бастауыш партия ұйымдарының басшы органдары

9.2.1.1. Партияның басшы органының шешімімен партия мүшесі болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматы тиісті басшы органының құрамына сайлануы мүмкін.

9.2.2. Партияның бақылау-тексеру органдары мыналар: -Орталық бақылау-тексеру комиссиясы; -Партия филиалдарының бақылау-тексеру комиссиялары

9.3. Партия Съезі

9.3.1. Съезд Партияның жоғары басшы органы болып табылады.

9.3.2. Партия Съезінің делегаттары партияның өңірлік филиалдарының конференцияларында немесе партияның өңірлік филиалдары Саяси кеңестерінің отырыстарында, немесе Партияның Саяси кеңесінің отырысында сайланады. Съезд делегаттарының өкілеттік мерзімі Съезді шақыру туралы шешімде айқындалады және кезекті немесе кезектен тыс келесі Съезге делегат сайланғанға дейін сақталады.

9.3.3. Съезд кемінде төрт жылда бір рет Партияның Саяси кеңесінің шешімі бойынша немесе Партия Төрағасының бастамасымен шақырылады. Кезектен тыс Съезд Партияның Саяси кеңесінің шешімі бойынша немесе Партия Төрағасының бастамасымена, немесе Партия филиалдарының кемінде жартысының бастамасымен шақырылуы мүмкін.

9.3.4. Съезд сайланған делегаттардың жартысынан астамы қатысқан кезде өкілетті болып табылады.

9.3.5. Съезд шешімі съезге саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы филиалдары мен өкілдіктерінің өкілдері қатысқан жағдайда, көпшілік дауыспен қабылданады.

9.3.6. Партияны қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім Съезге қатысушы делегаттардың кемінде үште екісінің қолдап дауыс беруімен қабылданады.

9.3.7. Партияның Съезі мүшелік партиялық жарналардың мөлшерін бекітеді.

9.3.8. Партияның сайланбалы органдары мен басшы тұлғаларының өкілеттік мерзімі, оларды сайлау кезінде Съезд шешімімен өзгеше белгіленбесе - 4 жыл.

9.3.9. Съездің айрықша құзыретіне: -Партия Жарғысын бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу; -Партия Бағдарламасын бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу; -Партия қызметінің негізгі бағыттарын айқындау; -Партияның Саяси кеңесінің ұсынуы бойынша, ал құрылтай съезінде - ұйымдастыру комитетінің ұсынуы бойынша Партия Төрағасын ашық дауыс беру арқылы жай көпшілік дауыспен сайлау; -Партия Төрағасының ұсынуы бойынша, ал құрылтай съезінде- ұйымдастыру комитетінің ұсынуы бойынша Партияның Саяси кеңес мүшелерін ашық дауыс беру арқылы жай көпшілік дауыспен сайлау; -Партия Төрағасының ұсынуы бойынша, ал құрылтай съезінде - ұйымдастыру комитетінің ұсынуы бойынша Орталық бақылау-тексеру комиссиясын ашық дауыс беру арқылы жай көпшілік дауыспен сайлау; - Саяси кеңес Бюросының ұсынуы бойынша «Партияның құрметті мүшесі» және «Партияның құрметті Төрағасы» атақтарын ашық дауыс беру арқылы жай көпшілік дауыспен беру; -Партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептерін тыңдау; -Партияны қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау; -Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну; -Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту; -Партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту; -Партия қызметінің өзге де аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер қабылдау жатады.

9.3.10. Съезд Партия қызметінің кез келген мәселесін қарауға құқылы.

9.4. Партияның Саяси кеңесі

9.4.1. Партияның Саяси кеңесі Съездер арасындағы кезеңде Партияның тұрақты жұмыс істейтін басшы органы болып табылады.

9.4.2. Партияның Саяси кеңесі: -Съезд шешімдерінің іске асырылуын қамтамасыз етеді; -Партияның ағымдағы саяси және ұйымдастырушылық қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды; -Партияның қоғамдық-саяси өмірге және сайлау науқандарына қатысу мәселелерін қарайды; -Партия Төрағасының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін қалыптастырады; -Партия бюджетін бекітеді және оның орындалуы туралы есепті тыңдайды; -Съезді шақыру туралы шешім қабылдайды және оның күн тәртібінің жобасын қалыптастырады; -Съездің қарауына Партия Төрағасы лауазымына сайлау немесе қайта сайлау үшін кандидатура енгізеді; -Партия Төрағасының ұсынуы бойынша өз құрамынан Партия Саяси кеңесі Бюросының мүшелерін Партия Саяси кеңесінің өкілеттік мерзіміне сайлайды; -Партия филиалдарының қызметі мәселелері бойынша олардың есептерін тыңдайды; -Съездің құзыретіне жататын бағдарламалық құжаттарды қоспағанда, Партия атынан саяси мәлімдемелер, үндеулер және өзге де құжаттар қабылдайды; -Партияның мақсаттарына қайшы келмесе, Партияның одақтарға, коалицияларға және өзге де бірлестіктерге кіруі туралы шешімдер қабылдайды; -Съездің және Партияның басқа органдарының айрықша құзыретіне жатқызылмаған Партия қызметінің өзге де мәселелерін қарайды.

9.4.3. Саяси кеңес өзінің айрықша құзыретіне жататын мәселелерді қоспағанда, жекелеген мәселелерді Партия Саяси кеңесі Бюросының қарауына беруге құқылы.

9.5. Партия Саяси кеңесінің Бюросы

9.5.1. Партия Саяси кеңесінің Бюросы Партия Саяси кеңесінің отырыстары арасындағы кезеңде Партия қызметіне жедел басшылықты жүзеге асыратын тұрақты жұмыс істейтін басшы орган.

9.5.2. Алып тасталды.

9.5.3. Партия Саяси кеңесінің Бюросы: -Съезд, Саяси кеңес және Партия Төрағасы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -Партияның филиалдарының, өкілдіктерінің, бастауыш партия ұйымдарының және Орталық аппаратының қызметін үйлестіреді; -Партия Саяси кеңесін жиынға шақырады; -өзекті қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарайды және олар бойынша Партияның ұстанымын әзірлейді; -Партияның сайлауға қатысу мәселелері бойынша Саяси кеңеске ұсыныстар енгізеді; -Партия Төрағасына Партияның Саяси кеңесі мүшелігіне ұсыну үшін кандидаттарды белгілейді; -«Партияның құрметті мүшесі» және «Партияның құрметті Төрағасы» атақтарын беру үшін кандидаттарды ұсынады; - Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне енгізілген адамдар арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін айқындайды; -Құрылтайдағы Партияның депутаттық фракциясының қызметін үйлестіреді; -Партияның депутаттық бірлестіктерінің қызметін үйлестіреді; -Партия бюджетінің жобасын және оның орындалуы туралы есепті алдын ала қарайды; -партиялық құжаттардың, наградалардың және Партияның өзге де атрибуттарының нысандарын бекітеді; -Партияның рәміздерін пайдалану тәртібін айқындайды; -партияның мүшелік жарналарын төлеу және есепке алу тәртібін айқындайды; -Партияның заңды тұлғаларды құруы немесе оларға қатысуы, сондай-ақ Партия құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімдер қабылдайды; -Партияның филиалдары мен өкілдіктерін құру және олардың қызметін тоқтату туралы шешімдер қабылдайды, олардың ережелерін бекітеді; -Партия қызметінің бағыттары бойынша комиссиялар, кеңестер және жұмыс топтарын құрады; -Партия мүшелерінің төмен тұрған партия органдарының шешімдеріне шағымдарын қарайды; -егер төмен тұрған Партия органдарының шешімдері Жарғыға және Партияның жоғары тұрған органдарының шешімдеріне қайшы келсе, оларды тоқтата тұруға және кейіннен мәселені уәкілетті органның қарауына шығаруға құқылы; -төмен тұрған партия органдарының шешімдері Жарғыға және Партияның жоғары тұрған органдарының шешімдеріне сәйкес келмеген жағдайларда, олардың күшін жояды; -Партияның кадр резервін және онымен жұмыс істеу тәртібін бекітеді; -Партия филиал басшыларының, депутаттық бірлестіктердің және Партияның өзге де құрылымдарының есептерін тыңдайды; -Съездің, Саяси кеңестің және Партия Төрағасының құзыретіне жатқызылмаған Партияның жедел қызметінің өзге де мәселелерін шешеді.

9.5.4. Партия Саяси кеңесінің Бюросы Съездің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқылы емес.

9.6. Партия Төрағасы

9.6.1. Партия Төрағасы – Партияның жоғары басшысы.

9.6.2. Партия Төрағасы: -Партия қызметіне жалпы басшылық жасайды; -мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, өзге де ұйымдармен және азаматтармен қатынастарда Партия атынан өкілдік етеді; -сенімхатсыз Партия атынан әрекет етеді; -Съезде, Партия Саяси кеңесінің және Партия Саяси кеңесі Бюросының отырыстарында төрағалық етеді; -Партияның басшы органдары шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -Саяси кеңес Бюросының бастамасы бойынша Партия Саяси кеңесінің құрамына кандидаттар ұсынады; -Саяси кеңес Бюросының, Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құрамына кандидаттар ұсынады; -Партияның Саяси кеңесі қалыптастыратын, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне кандидаттарды ұсынады; -Партияның Саяси кеңесінің Бюросы қабылдайтын шешімдерді қоспағанда, Партия құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын басқа заңды тұлғаларда құрылтайшы (қатысушы) құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды; -Партия Төрағасының орынбасарларын тағайындайды, олардың өкілеттіктерін айқындайды және оларды лауазымынан босатады; -Партия Орталық аппаратының басшысын, Партиялық бақылау комитетінің төрағасын, Орталық аппараттың өзге де қызметкерлерін тағайындайды, олардың өкілеттіктерін айқындайды және өкілеттіктерін тоқтатады; -еңбек заңнамасына сәйкес партия қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды, басқа лауазымға ауыстыруды, басқа жұмыс орнына ауыстыруды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады; -Партия құжаттарына қол қояды, сенімхаттар береді, өз құзыреті шегінде қаржылық және өзге де құжаттарды ашады және оларға қол қояды; -Партия қызметінің негізгі мәселелері бойынша Партияның басшы органдарына ұсыныстар енгізеді; -Партияның өзге органдарының айрықша құзыретіне жатқызылмаған Партияның ағымдағы қызметіне қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы; -осы Жарғыда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9.6.3. Партия Төрағасы Партияның Орталық аппараты туралы ережені, еңбекке ақы төлеу құрылымын және жүйесін бекітеді.

9.7. Орталық бақылау-тексеру комиссиясы

9.7.1. Орталық бақылау-тексеру комиссиясы төрт жылға сайланатын Партияның бақылаушы органы болып табылады.

9.7.2. Орталық бақылау-тексеру комиссиясы: -Партияның қаржы-шаруашылық қызметін бақылайды; -Партияның мүлкі мен ақшалай қаражатын есепке алу және пайдалану тәртібінің сақталуын тексереді; -Съезге өз қызметі туралы есеп ұсынады; -өз құзыреті шегінде өзге де бақылау функцияларын жүзеге асырады.

9.7.3. Орталық бақылау-тексеру комиссиясы өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және Партия Съезіне есеп береді.

9.8. Партия филиалының конференциясы

9.8.1. Партия филиалының жоғары органы- филиал конференциясы.

9.8.2. Конференция партия филиалының Саяси кеңесінің немесе Саяси кеңесі Бюросының шешімі бойынша қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде екі жылда бір рет шақырылады.

9.8.3. Филиал конференциясы: -филиал қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды; -филиалдың Саяси кеңесі мен филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының есептерін тыңдайды; -филиалдың Саяси кеңесі мен филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының мүшелерін сайлайды; -филиал төрағасын сайлайды және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы; -тиісті аумақта филиалдың сайлау науқанына қатысуы жөніндегі ұсыныстарды бекітеді; -мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынады; -аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдігіне кандидаттарды, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынады; -жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарындағы өзге де сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды ұсынады; -өз құзыреті шегінде филиал қызметінің өзге де мәселелерін қарайды.

9.8.4. Филиал конференциясының шешімдері Жарғыға және Партияның жоғары тұрған органдарының шешімдеріне қайшы болмауға тиіс.

9.9. Партия филиалының Саяси кеңесі

9.9.1. Партия филиалының Саяси кеңесі конференциялар арасындағы кезеңде филиалдың тұрақты жұмыс істейтін басшы органы болып табылады.

9.9.2. Филиалдың Саяси кеңесі: -Партияның жоғары тұрған органдары мен филиал конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -филиал қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды; -өз құрамынан филиал Саяси кеңесі Бюросының мүшелерін филиал Саяси кеңесінің өкілеттік мерзіміне сайлайды; -тиісті аумақта филиалдың қоғамдық-саяси және сайлау қызметіне қатысу мәселелерін қарайды; -филиал конференциясының және Партияның жоғары тұрған органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелерді қарайды.

9.9.3. Партия филиалы Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі - 2 жыл.

9.10. Партия филиалы Саяси кеңесінің Бюросы

9.10.1. Партия филиалы Саяси кеңесінің Бюросы филиал қызметіне жедел басшылықты жүзеге асырады.

9.10.2. Филиал Саяси кеңесінің Бюросы: -Партияның жоғары тұрған органдары мен филиал органдары шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -бастауыш партия ұйымдарының қызметін үйлестіреді; -төмен тұрған партия органдарының есептерін тыңдайды; -филиал конференциясын шақырады және оның күн тәртібінің жобасын қалыптастырады; -филиал Саяси кеңесін жиынға шақырады; -мәслихаттардағы Партияның депутаттық бірлестіктерінің қызметін үйлестіреді; -тиісті деңгейдегі сайланбалы органдарға кандидаттар бойынша ұсыныстар енгізеді; -бастауыш партия ұйымдарын құру және олардың қызметін тоқтату туралы шешімдер қабылдайды; -филиал бюджетінің жобасын және оның орындалуы туралы есепті алдын ала қарайды; -Партия мүшелерінің филиалдың төмен тұрған партия органдарының шешімдеріне шағымын қарайды; -егер филиалдың төмен тұрған партия органдарының шешімдері Жарғыға және Партияның жоғары тұрған органдарының шешімдеріне қайшы келсе, олардың күшін жояды; -филиалдың ағымдағы қызметінің өзге де мәселелерін шешеді.

9.10.3. Партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының өкілеттік мерзімі - 2 жыл.

9.11. Партия филиалының төрағасы

9.11.1. Партия филиалының төрағасы филиал қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

9.11.2. Филиал төрағасы: -тиісті аумақта мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен қатынастарда филиалдың атынан өкілдік етеді; -Партияның жоғары тұрған органдары мен филиал органдары шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -филиал органдарының отырыстарында төрағалық етеді; -бастауыш партия ұйымдарының қызметін үйлестіреді; -өз құзыреті шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9.12. Бастауыш партия ұйымының жиналысы

9.12.1. Бастауыш партия ұйымының жоғары органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.

9.12.2. Бастауыш партия ұйымының жиналысы: -Партияның және бастауыш партия ұйымының қызметі мәселелерін талқылайды; -Партияның жоғары тұрған органдарының шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; -бастауыш партия ұйымы қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды; -жоғары тұрған партия органдарына ұсыныстар енгізеді; -бастауыш партия ұйымының төрағасын сайлайды; -филиал конференциясына делегаттар сайлайды; -Партияға қабылдау, Партияға мүшелікті тоқтату және партиялық ықпал ету шараларын қолдану туралы шешімдер қабылдайды; -бастауыш партия ұйымы қызметінің өзге де мәселелерін қарайды.

9.13. Бастауыш партия ұйымының төрағасы

9.13.1. Бастауыш партия ұйымының төрағасы оның қызметіне басшылық етеді және жоғары тұрған партия органдары шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады.

9.13.2. Бастауыш партия ұйымының төрағасы: -бастауыш партия ұйымын жиналысқа шақырады және оны өткізеді; -бастауыш партия ұйымының ағымдағы жұмысын ұйымдастырады; -жоғары тұрған партия органдары алдында оның мүдделерін білдіреді; -өз құзыреті шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10. Партияның бақылау-тексеру және бақылау органдары

10.1. Жалпы ережелер

10.1.1. Партияда: -Орталық бақылау-тексеру комиссиясы; -Партия филиалдарының бақылау-тексеру комиссиялары; -Партиялық бақылау комитеті қызмет атқарады.

10.1.2. Бақылау-тексеру комиссиялары және Партиялық бақылау комитеті белгіленген құзыреті шегінде өз өкілеттіктерін дербес жүзеге асырады.

10. Партияның бақылау-тексеру және бақылау органдары

10.2. Бақылау-тексеру комиссиялары

10.2.1. Орталық бақылау-тексеру комиссиясын Партия Съезі 4 жылға сайлайды. Филиалдардың бақылау-тексеру комиссияларын тиісті конференциялар 2 жылға сайлайды.

10.2.2. Бақылау-тексеру комиссиялары Партия мүшелерінен құрылады. Санын және құрамын оларды сайлаған тиісті орган айқындайды.

10.2.3. Бақылау-тексеру комиссияларының мүшелері Саяси кеңестің немесе Саяси кеңес Бюросының құрамына кіре алмайды.

10.2.4. Бақылау-тексеру комиссиялары өз ішінен төраға мен төрағаның орынбасарын сайлайды.

10.2.5. Орталық бақылау-тексеру комиссиясы Партия Съезіне, ал филиалдардың комиссиялары тиісті конференцияға есеп береді.

10.2.6. Бақылау-тексеру комиссиялары: -Партияның және оның құрылымдық бөлімшелерінің қаржылық және шаруашылық қызметіне бақылау жүргізеді; -Партияның мүлкі мен ақшалай қаражатын есепке алу және пайдалану дұрыстығын тексереді; -өз бастамасымен немесе Партияның тиісті органдарының тапсырмасы бойынша тексерулер жүргізеді; -өз қызметінің нәтижелері туралы есептер ұсынады; -Партия органдарынан қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.

10.2.7. Бақылау-тексеру комиссиялары өз міндеттерін орындау үшін мамандар мен сарапшыларды тартуға құқылы.

10.3. Партиялық бақылау комитеті

10.3.1. Партиялық бақылау комитеті партияішілік тәртіптің, партиялық әдептің, осы Жарғының, Партия Бағдарламасының және Партия органдары шешімдерінің сақталуын қамтамасыз ететін Партияның орталық бақылау органы болып табылады.

10.3.2. Партиялық бақылау комитеті Партия Төрағасына және Партияның Саяси кеңесінің Бюросына есеп береді.

10.3.3. Партиялық бақылау комитетінің қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық, талдамалық, құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді Партия Орталық аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

10.3.4. Партиялық бақылау комитетінің төрағасын Партия Төрағасы төрт жыл мерзімге тағайындайды. 10.3.5. Өңірлік және аумақтық партия филиалдарында тиісті партиялық бақылау комиссиялары құрылады. 10.3.6. Өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссияларының құрамын жоғары тұрған Партиялық бақылау комитеті мен партиялық бақылау комиссиялары төрағаларының келісімі бойынша тиісті филиалдардың Саяси кеңесінің Бюросы бекітеді

10.3.7. Партиялық бақылау органдары өз құзыреті шегінде: Партия мүшелерінің, партия органдарының, Партияның құрылымдық бөлімшелері мен депутаттық бірлестіктерінің осы Жарғының, Партия Бағдарламасының талаптарын және Партия органдарының шешімдерін сақтау мәселелерін қарайды; партияішілік тәртіп пен партиялық әдепті бұзу мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарайды; өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша тексерулер жүргізеді; партиялық ықпал ету шараларын қолдану мәселелері бойынша қорытынды береді; Партиядан шығаруды қоса алғанда, партиялық ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізеді; кешенді қарауды талап ететін мәселелер бойынша бақылау-тексеру комиссияларымен өзара іс-қимыл жасайды; осы Жарғыда және Партиялық бақылау комитеті және оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10.3.8. Партиялық бақылау комитетінің, өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссияларының қызметін ұйымдастыру тәртібі Партиялық бақылау комитеті және оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережемен айқындалады, оны Партия Төрағасы бекітеді.

11. Партияның аумақтық құрылымы

11.1. Партияның мынадай құрылымдық бөлімшелері болады: -өңірлік филиалдар; -аумақтық филиалдар; -бастауыш партия ұйымдары. 11.2. Өңірлік филиалдар облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылады.

11.3. Аумақтық филиалдар аудандар мен қалаларда құрылады.

11.4. Партия филиалдары белгіленген тәртіппен есептік тіркелуден өті керек.

11.5. Бастауыш партия ұйымдары Партияның ұйымдық құрылымының негізі болып табылады.

11.6. Бастауыш партия ұйымы кемінде үш Партия мүшесі болған кезде құрылады.

11.7. Бастауыш партия ұйымдары Партия мүшелерінің тұрғылықты жері бойынша, әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандағы ұйымдарда (Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бастауыш партия ұйымдарын құруға тыйым салынған ұйымдарды қоспағанда), сондай-ақ аумақтық қағидат бойынша құрылады.

11.8. Бастауыш партия ұйымдары Партияның тиісті аумақтық немесе өңірлік филиалдарының құрамына кіреді.

11.9. Аумақтық филиалдар Партияның тиісті өңірлік филиалдарының құрамына кіреді.

11.10. Партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары заңды тұлға емес.

11.11. Филиалдар мен бастауыш партия ұйымдары Партия Жарғысы және жоғары тұрған партия органдарының шешімдері негізінде әрекет етеді.

11.12. Мүлік пен ресурстар Партияның құрылымдық бөлімшелеріне қызметтерің жүзеге асыру үшін беріледі.

12. Партияның өкілетті органдардағы қызметі

12.1. Құрылтай пен мәслихаттардың депутаттары болып сайланған Партия мүшелері Партияның депутаттық фракцияларына (топтарға) бірігеді.

12.2. Депутаттық фракцияны құру туралы шешімді Партияның немесе оның филиалының тиісті басшы органы қабылдайды.

12.3. Депутаттық фракциялар (топтар) тиісті өкілетті органдарда Партияның мүддесін білдіреді.

12.4. Партия және оның құрылымдық бөлімшелері депутаттық фракциялардың (топтардың) қызметіне жәрдемдеседі.

12.5. Депутаттық фракциялар (топтар) Партияның немесе оның филиалдарының тиісті басшы органдарына есеп береді.

12.6. Депутат болып сайланған Партия мүшесінің міндеттері Депутат болып сайланған Партия мүшесі: -Партияның депутаттық фракциясында (тобында) болуға; -оның қызметіне қатысуға; - фракцияның (топтың) қабылдаған шешімдерін орындауға; -өзінің депутаттық қызметінде Партияның ұстанымын білдіруге; -партия органдарымен өзара іс-қимыл жасауға; -өзінің қызметі туралы Партияны хабардар етуге; -азаматтарды жеке қабылдауды қоса алғанда, сайлаушылармен жұмысқа қатысуға міндетті.

13. Партия атынан кандидаттарды ұсыну тәртібі

13.1. Партия Құрылтай мен мәслихат депутаттығына, сондай-ақ өзге де сайланбалы лауазымдарға кандидаттар ұсынады.

13.2. Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімін Партия Төрағасының ұсынысы бойынша Партияның Саяси кеңесі қалыптастырады және оны Партия Съезі бекітеді. Партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін Партия Саяси кеңесінің Бюросы айқындайды.

13.3. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың тізімдерін филиал басшысының ұсыныстары бойынша Партия филиалдарының Саяси кеңестері қалыптастырады және ол тізімді тиісті филиалдардың конференциялары бекітеді. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне енгізілген кандидаттар арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін филиалдың Саяси кеңесінің Бюросы айқындайды.

13.4. Партия ұсынатын кандидаттарды Партиялық бақылау комитеті алдын ала қарастырады.

13.5. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы мөлшерінде жиынтығында әйелдер мен жастар енгізіледі. Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы мөлшерінде жиынтығында үш санаттың өкілдері: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар енгізіледі.

13.6. Партия сайлауға қатысу, кандидаттарды қолдау және тізімдерді қалыптастыру туралы шешімдерді ашықтық, тең мүмкіндік ұсыну және кандидаттардың іскерлік әрі жеке қасиеттерін ескеру негізінде қабылдайды.

13.7. Партия атынан сайланған депутаттар оның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды және Партияның саяси ұстанымын іске асырады.

13.8. Алып тасталды.

13.9. Партия атынан өкілді органдарға (Қазақстан Республикасы Құрылтайына және мәслихаттарға) сайланған депутатты кері шақырып алу негіздері: -осы Жарғыда көзделген негіздер бойынша Партиядан өз еркімен шығуды немесе шығарылуды қоса алғанда, Партиядағы мүшелігінің тоқтатылуы; -Партияның беделін түсіретін немесе оның саяси мүдделері мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасау; -Партияның жоғары тұрған басшы органдары өз құзыреті шегінде қабылдаған шешімдерді жүйелі түрде орындамау; -Партияның бағдарламалық ұстанымдарын бұзу немесе осы Жарғының ережелерін сақтамау.

14. Партияны қаржыландыру

14.1. Партия қаражаты: -мүшелік жарналардан; -ерікті қайырмалдықтардан; -Партияның кәсіпкерлік қызметінен түсетін кірістерден; -бюджет қаражатынан қалыптасады.

14.2. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау (олар алынған жағдайда) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

15. Партияның есептілігі

15.1. Партия өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

15.2. Партия жыл сайын қаржылық есептілікті қалыптастырады және жариялайды.

15.3. Есептілік Партияның ресми ақпараттық ресурстарында орналастырылады.

15.4. Партия ішкі есептілікті және өз органдарының қызметіне бақылауды қамтамасыз етеді.

15.5. Есептілік тәртібі: -Партия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде және көлемде мемлекеттік кіріс органдарына өзінің қаржылық қызметі туралы есепті ұсынуға міндетті. -Партияның жыл сайынғы қаржылық есептілігі республикалық баспа басылымдарында міндетті түрде жариялануға тиіс.

16. Партияның рәміздері

16.1. Партияның өз рәміздері бар: әнұраны, эмблемасы және төсбелгісі.

16.2. Партияның рәміздері оның қызметінде пайдаланылады және Партияның мақсаттары мен құндылықтарын көрсетеді.

16.2.1. Осы Жарғыға № 1-қосымшаға сәйкес «Әділет таңы» туындысы Партияның әнұраны болып табылады. Сөзінің авторлары – Серікзат Дүйсенғазы мен Сұлтан Дәулетхан, музыкасының авторы – Медет Салықов.»

16.3. Партия рәміздерінің сипаттамасы мен бейнелері бекітіледі және осы Жарғының ажырамас бөлігі болып табылады. Осы Жарғыға №2-қосымшаға сәйкес эмблема «ӘDILЕТ» партиясы атауының стильдендірілген графикалық жазбасын білдіреді. Эмблеманың негізгі түстік орындалуы – ақ фонда қанық күлгін түс. Эмблеманың графикалық пішіні, пропорциялары мен тұтастығы сақталған жағдайда, оны монохромды, инверстік және өзге де бейімделген нұсқаларда пайдалануға жол беріледі.

16.4. Осы Жарғыға № 3-қосымшаға сәйкес төсбелгі Партия эмблемасының бейнесі нысанында болады.

16.5. Рәміздерді пайдалану тәртібін Партия айқындайды.

17. Партияның меншігі, қаржылық қызметі

17.1. Партияның және оның құрылымдық бөлімшелерінің мүлік мен қаражатты басқару жөніндегі құқықтары: -Партияның барлық мүлкінің, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) мүлкінің меншік иесі жалпы Партия болып есептеледі. -Партия мүшелерінің Партия мүлкіне құқықтары болмайды. -Партия өз қаражаты есебінен ұйымдар құруға құқылы (заңмен тыйым салынған жағдайларды қоспағанда). -Партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) Партияның басшы органдары және осы Жарғы айқындаған өкілеттіктер шегінде өздеріне бекітілген мүлікті басқаруға және пайдалануға құқылы.

17.2. Партия өз қаражаты мен мүлкіне жарғылық мақсаттарға сәйкес дербес билік етеді.

17.3. Партияның ақшасы мен өзге де мүлкі оның мүшелері арасында үлестірілмейді және тек жарғылық мақсаттарға жұмсалуға тиіс.

17.4. Партия қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға құқылы.

17.5. Партияның ақшасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген банктердің шоттарына орналастырылады.

17.6. Партияның қаржылық қызметі ішкі бақылауға жатады.

17.7. Партия ақша қаражаттарының түсімдері мен шығыстарының есебін, сондай-ақ мүлкін есепке алуды жүргізеді.

17.8. Партияның меншігінде ғимараттар, құрылыстар, жабдық және партияның қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге мүлік болуы мүмкін.

17.9. Қаржылық жауапкершілік: -Партия және оның құрылымдық бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін ел заңдарына сәйкес қаржылық және өзге де жауаптылыққа тартылады. -Қаржылық тәртіпті бұзғаны және қаражатты нысаналы пайдаланбағаны үшін Партияның және оның филиалдарының басшы органдарының құрамына кіретін кінәлі боп танылатын тұлғалар жауапқа тартылады.

18. Партияның Жарғысы мен Бағдарламасына өзгеріс енгізу тәртібі

18.1. Партияның Жарғысы мен Бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды Партия мүшелері және оның органдары жасай алады.

18.2. Ұсыныстар жазбаша нысанда беріледі және қарастырылады.

18.3. Ұсыныстарды қарауды Партияның басшы органдары ұйымдастырады.

18.4. Партияның Жарғысы мен Бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды Партия Съезі қабылдайды. Төраға А.А. Дәдебай