Жауапкершілігі мол орта держава
«Әділет» партиясы Қазақстанның сыртқы саясатын ішкі құндылықтардың әлемдік аренадағы ауқымды көрінісі деп біледі. Біз Қазақстанның жауапты орта держава — «жаһандық орта тап», жаһандық қайшылықтарды теңестіре алатын тұрақтандырушы әрі салмақты күш деген мәртебесін орнықтырамыз. Әлем жақ-жақ болып бөлініп, қақтығыстар бұрқ ете қалып жатқан дәуірде Қазақстан — Еуразияның кіндігіндегі елдерді біріктіруші буын, географиялық сын-қатерлерді бірегей басымдыққа айналдыратын ел деген ұстанымымыздан айнымаймыз.
Біз геосаяси өктемдікті де, қос стандартты да қабылдамаймыз, халықаралық қатынастарға қатысушылардың бәрі инновациялар мен даму ресурстарына тең қол жеткізе алғанын талап етеміз.
Қазақстан Ұлы дала мұрасына және заманауи тәжірибеге сүйене отырып, блок құруға ұмтылу мен санкциялық қысымның орнына сындарлы диалог пен прагматикалық серіктестік мәдениетін ұсынатын модератор-мемлекет үлгісіне айналуға тиіс.