Тиімді жұмыс істейтін институттар
«Әділет» партиясы жүйенің орнықтылығы жекелеген тұлғалардың ықпалына емес, институттардың сапасына қарайтын мемлекеттік құрылым моделін қолдайды. Тиімді институттар «төменнен жоғары» қағидатымен қалыптасуға тиіс, ал орталық стратегияға қарай, өңірлер мен салалардың ерекшелігін ескеріп, олардың мықты тұстарын күшейтіп, осал тұстарын теңестіре үйлестіріп отыруы керек.
Біз парламентаризмнің дамуы тоқтамаса дейміз және өкілдік биліктің күшеюі саяси жаңғырудың негізгі бағыты деп білеміз. Жаңа бір палаталы Құрылтай мен өңірлердегі мәслихаттар нағыз қоғам мүддесін қорғайтын орталықтарға айналуға тиіс. Сапалы заң шығару, идеялардың адал бәсекесі, ашық пікірталас, сайлаушылар алдындағы тікелей жауапкершілік және қоғамның бақылауын күшейту — кемел саяси жүйеге апарар жалғыз жол.
Мемлекеттің кадр саясаты меритократия принципіне, мінсіз абыройға және қоғамға қызмет ету ұстанымына сүйенуге тиіс. Біз мемлекеттік қызметке өңірлердің өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар, жастар және нақты міндеттердің шешімін табуда тәжірибесі бар адамдар араласуы керек дейміз.
Әлеуметтік лифтілер меритократия қағидатымен жұмыс істейтін, ал институттар халық алдында есеп беретін мемлекеттік машина жүйесі сайлау кезеңдеріне де, саяси жағдайларға да қарамастан азаматтарға қызмет ете береді деп кепіл болады.