Цифрлық мемлекет
«Әділет» партиясы цифрландыруды жан-жақты прогрестің басты құралы деп біледі. Біз үшін цифрлық трансформация — ескірген процестердің бетіне жамалған техникалық қабат емес, билік жүйесін түбегейлі қайта қарап, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын түрлендіріп, оны ашық әрі сенімді ететін өзгеріс.
Стратегиямыздың алдыңғы шебінде — адам мүмкіндіктерін еселеп арттыратын қуатты катализатор ретінде Жасанды интеллектіні игеру тұр. «Әділет» үшін ЖИ — бюрократияны автоматтандырудан бастап, өнеркәсіпте, логистикада, креатив индустрияларда және өзге де салалардағы сапалы серпіліске дейінгі мемлекеттің бүкіл «операциялық жүйесін» қайта құру мүмкіндігі. Біз Қазақстанды аймақтағы жасанды интеллект модельдері әзірленіп, енгізілетін орталық хабқа айналдыруды көздейміз.
Біз жаңа супертехнология дәуірінде адамның жасампаз рөлі өзгермейді, ал асқақ технологиялар өнімділік пен өмір сапасын еселеп арттыру құралына айналады деп сенеміз. Сонымен қатар цифрландыру дербес деректерді сенімді қорғаумен, киберқауіпсіздікті күшейтумен және азаматтардың цифрлық сауатын арттырумен қатар жүруге тиіс деп білеміз.