«Әділет» партиясы мүшесінің Әдеп кодексі
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Әдеп кодексі жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға қойылатын негізгі талаптарды, «Әділет» партиясы мүшесінің мінез-құлық ережелері мен жауапкершілік стандарттарын айқындайды.
1.2. «Әділет» партиясының мүшесі өзінің қоғамдық-саяси қызметінде, кәсіби саласында және күнделікті өмірінде әділдік, заңдылық, адалдық, жауапкершілік, патриотизм, адамға құрмет көрсету және қоғамға қызмет ету қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс.
1.3. Осы Кодексті сақтау атқаратын лауазымына, мәртебесіне, қызмет саласына және партия мүшелігінде болу мерзіміне қарамастан партияның әрбір мүшесінің міндеті болып табылады.
2. Негізгі қағидаттар
«Әділет» партиясының мүшесі:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және партия Жарғысын сақтауға;
2) партияның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге;
3) партияның мүдделеріне немесе беделіне нұқсан келтіруі мүмкін іс-әрекеттер жасаудан аулақ болуға;
4) мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғауға, тәуелсіздікті, халықтың бірлігін және қоғамдық келісімді нығайтуға;
5) адамның құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, өзгелерді кемсітуге, дөрекілік танытуға, тіл тигізуге және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға жол бермеуге;
6) партиялық тәртіпті сақтау, партия қызметіне қатысу, партия органдарының шешімдерін орындау, партияның бағдарламалық мақсаттарын іске асыруға және оның бағдарламалық құжаттарын түсіндіруге ықпал ету;
7) партияның беделін арттыруға және партияның, оның мақсаттарының, шешімдерінің, органдары мен мүшелерінің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін іс-әрекеттер жасамауға;
8) адал, парасатты және жауапты болуға, өз іс-әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауға, қателіктерін мойындауға және оларды түзету үшін шаралар қабылдауға;
9) партиялық мәртебесін, рәміздерін, байланыстарын немесе ықпалын жеке басының пайдасы, мүліктік немесе коммерциялық пайда алу, мансаптық өсу не өзге де пайдакүнемдік мақсаттарда пайдаланбауға;
10) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға, сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуге;
11) іскерлік, қоғамдық және партиялық әдеп нормаларын, азаматтармен және әріптестермен өзара қарым-қатынас мәдениетін сақтауға;
12) егер оның таралуы партияға, азаматтарға немесе үшінші тұлғаларға зиян келтіруі мүмкін болса, ішкі, қызметтік немесе өзге де қорғалатын ақпаратты жария етпеуге;
13) цифрлық мәдениетті сақтауға, азаматтардың жеке өмірін құрметтеуге және дербес деректерді жауапкершілікпен өңдеуді қамтамасыз етуге;
14) дербес деректерді заңсыз жинауға, сақтауға, беруге немесе жариялауға, партиялық деректер базасын жеке және коммерциялық мақсаттарда пайдалануға, дипфейктерді, жалған құжаттарды, қолдан жасалған скриншоттарды және өзге де манипуляциялық материалдарды таратуға, цифрлық құралдарды қудалау немесе заңсыз үгіт жүргізу үшін пайдалануға жол бермеуге;
15) партиялық қызметте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды заңдылық, ашықтық, шынайылық, киберқауіпсіздік және адамды құрметтеу қағидаттарына сәйкес пайдалануға міндетті.
3. Мінез-құлық нормалары
3.1. Партия мүшесі азаматтармен, партия мүшелерімен, мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде өзін әдепті, құрметпен және жауапкершілікпен ұстауға тиіс.
3.2. Партия мүшесі партия ұйымының жиналыстарына қатысуға, партия ұйымында іскерлік, сындарлы және қолайлы ахуал қалыптастыруға жәрдемдесуге, партияның басқа мүшелерінің пікірін құрметтеуге және талқылауларды дәлелдерге, өзара құрмет пен жауапкершілікке негіздей отырып жүргізуге міндетті.
3.3. Партия ішіндегі сын сындарлы сипатта болып, кемшіліктерді жоюға, партия жұмысының тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталуға тиіс.
3.4. Партия мүшесі тиісті өкілеттігі болмаған жағдайда, өзінің жеке пікірін партияның ресми ұстанымы ретінде білдіруге құқылы емес.
3.5. Партия мүшесі партияның мүлкіне, рәміздеріне, құжаттарына, ақпараттық ресурстарына және беделіне ұқыпты қарауға міндетті.
4. Қоғамдық коммуникация
4.1. Көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде партия мүшесі өз ұстанымын әдепті, дәлелді және құрметпен білдіруге міндетті.
4.2. Қорлауға, жала жабуға, өшпенділік тіліне, арандатушылық мәлімдемелер жасауға, құқыққа қайшы әрекеттерге шақыруға, жалған немесе тексерілмеген ақпаратты таратуға жол берілмейді.
4.3. Партия мүшесі өзінің жеке пікірін партияның ресми ұстанымынан ажыратуға және партияның атауын, рәміздерін және беделін жеке жарнама жасау немесе коммерциялық мақсатта ілгерілету үшін пайдаланбауға тиіс.
5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар
5.1. Партия мүшесі Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және партиялық әдеп нормаларын сақтауға міндетті.
5.2. Партия мүшесіне партиялық мәртебесін, лауазымын, байланыстарын немесе ықпалын жеке пайда алу, заңсыз жәрдем көрсету, лауазымды адамдарға қысым жасау не жеке мүдделерін ілгерілету үшін пайдалануға тыйым салынады.
5.3. Мүдделер қақтығысы туындаған кезде партия мүшесі тиісті партия органын хабардар етуге және осы мәселе бойынша шешім қабылдауға қатысудан бас тартуға міндетті.
5.4. Егер партия мүшесінде дайындалып жатқан немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы сенімді ақпарат болса, ол бұл туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға және/немесе тиісті партия органдарына хабарлауға тиіс.
6. Жауапкершілік
6.1. Осы Кодексті бұзу партияның Жарғысында және партияның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен партия мүшесінің мінез-құлқын қарау үшін негіз болып табылады.
6.2. Кодексті бұзуға қатысты мәселені қарау кезінде бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, оның салдары, қасақана жасалғанының болуы, қайталануы, қатені мойындауы, салдарын жоюға дайындығы, сондай-ақ партия мүшесінің бұрынғы мінез-құлқы ескеріледі.
6.3. Қарау нәтижелері бойынша партия мүшесіне партияның жарғысында көзделген партиялық ден қою және жауапкершілік шаралары қолданылуы мүмкін.
7. Қорытынды ережелер
7.1. Осы Кодекс «Әділет» партиясының әрбір мүшесі үшін міндетті мінез-құлық стандарты болып табылады.
7.2. Партияның беделі оның әрбір мүшесінің іс-әрекеттерімен қалыптасады. Осы Кодексті сақтау азаматтардың партияға деген сенімі мен оның қоғамдық-саяси қызметінің тиімділігінің маңызды шарты болып табылады.